
Алматылықтарды 22-24 мамыр аралығында қатты нөсер күтіп тұр. «Қазгидромет» РМК-ның №5 дауылды ескертуіне сәйкес, таулы, тау бөктеріндегі аудандар мен мегаполиске іргелес жерлерде қатты жаңбыр жауады. Қарқынды жауын-шашын салдарынан беткей ағындары қалыптасып, өзендердегі су деңгейі көтеріліп, жергілікті жерлерде су тасқыны мен су басу қаупі туындауы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар департаменті жеке сектор тұрғындарын ерекше сақтыққа шақырады. Үй иелеріне нөсерге дейін арық, нөсер кәрізі мен дренаж жүйелерінің жай-күйін тексеру ұсынылады. Жауын суының кедергісіз ағуы аула, көше және тұрғын үй учаскелерінің су астында қалу қаупін азайтады.
Сонымен қатар, ТЖ департаменті тауға саяхат жасаудан уақытша бас тартуды сұрайды. Бұл ескерту демалыс пен тау серуендерін ұнататындарға қатысты. Құтқарушылар қатты жаңбыр кезінде таулы жерлерде сел тасқыны, тас құлау және тау өзендерінде су деңгейінің күрт көтерілу ықтималдығы артатынын еске салады.
Бұған дейін Гидрометорталық республиканың шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағай ойнаған жаңбыр, шығыста жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын, ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста қатты жаңбыр күтілетінін хабарлаған.
Дереккөз: Zakon.kz