
Алматыда Рабиғи Сыздық көшесінің бір бөлігінде 2,5 айға көлік қозғалысы шектеледі. Мұнда 35 жыл бұрын салынған жылу желілерін ауыстыру жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Алматы жылу желілері» ЖШС мәліметінше, Әуезов ауданында 1991 жылы пайдалануға берілген шамамен 300 метр жылу трассасы жаңартылады. Осыған байланысты Мамыр шағынауданындағы Рабиғи Сыздық көшесінің екі бағытында да жол жабылады.
«Қозғалыс екі бағытта да шектеледі. Бұл – көше жүріс бөлігінің астынан өтетін құбыр учаскесін жоспарлы жөндеу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет. Уақытша қолайсыздықтарды түсіністікпен қабылдауыңызды сұраймыз», – делінген компания хабарламасында.
Жөндеу жұмыстары кезінде тұрғындарға ыстық су беру тоқтатылмайды. Бұл жылу желісі 160 көппәтерлі тұрғын үй, үш балабақша, бес мектеп, бір денсаулық сақтау нысаны және 26 басқа нысанды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді.
Дереккөз: Nur.kz