
Алматыда ақылы тұрақ жүйесін реформалау аясында тұрғындарға арналған резиденттік абонементтер енгізу қарастырылуда. Бұл жергілікті тұрғындарға жеке көліктерін ақылы тұрақтарда тегін қалдыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық жол қозғалысын және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, бір пәтерге бір тегін орын беріледі.
— Принцип қарапайым: егер адам сол аудандағы пәтердің меншік иесі болса және көліктің меншік иесі болса, оған орын тегін беріледі. Егер ол жалға алушы болса, бұл бір жерде тіркелуі керек. Мысалы, ол сол жерде тұратынын дәлелдеуі тиіс. Әділет органдары арқылы механизмді міндетті түрде пысықтаймыз, — деді Ержан Диханбаев РСК брифингінде.
Жүйе тұрғындардың мүдделерін ескеріп, тұрақ орындарын пайдалануды бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Резиденттік абонементтер жобасы ақылы тұрақ жүйесін дамыту және қаладағы көлік жүктемесін реттеу аясында қарастырылуда.
Бұған дейін Алматыда Тимирязев және Абылай хан көшелерінде бір бағытты қозғалыс енгізу жоспары айтылған болатын.
Дереккөз: Inform.kz