
Алматыда өткен психологиялық семинарда әйелдердің хормен былапыт сөздер айтқан видеосы желіде тарап, полиция іске араласты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бірнеше күн бұрын Telegram-арнасы egovpress әйелдерге арналған оғаш мастер-класстың видеосын жариялады. Автордың айтуынша, ондағы әйелдер хормен ұятсыз сөз айқайлаған.
Бүгін Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі Instagram-да құқық қорғау органдары оқиғаға ден қойғанын хабарлады.
Анықталғандай, іс-шара барысында жекелеген қатысушылар былапыт сөздер қолданып, айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған, — делінген полиция хабарламасында.
Осы факті бойынша Медеу ауданы полиция басқармасының қызметкерлері іс-шараны ұйымдастырушыға қатысты ұсақ бұзақылық бабымен әкімшілік іс қозғады.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен құқық бұзушыға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды, — деп қосты қалалық ПД.
Полиция департаменті кез келген жаппай және көпшілік іс-шараларды өткізу қоғамдық тәртіп нормалары мен қолданыстағы заңнаманы сақтай отырып жүргізілуі керектігін ескертті. Қоғамдық орындарда былапыт сөздер қолдану және айналасындағыларға құрметсіздік таныту заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады.
Дереккөз: Nur.kz