...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Темптер төмен: Нұрлыбек Нәлібаев Алматы әуежайындағы жұмысқа сын айтты

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматыға жұмыс сапары барысында қаланың негізгі көлік-логистикалық, энергетикалық, индустриялық және туристік нысандарын аралап көрді. Ол әуежай инфрақұрылымын дамыту жобаларының баяу жүріп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды, облыс әкімдігінің басшылығы, жауапты ведомстволар мен салалық ұйымдардың өкілдері қатысты. Нәлібаев Алматы әуежайындағы перрон ғимараты, ұшақтарды мұздануға қарсы өңдеу алаңы, жаңа жүк тұрақтарының құрылысы және ішкі рейстер терминалын қайта жаңарту жобаларының ағымдағы жай-күйімен танысты.

Жаңа халықаралық терминалдың жалпы ауданы 56 мың шаршы метрді құрайды. 93 млрд теңге инвестицияның арқасында нысанның өткізу қабілеті жылына 14 млн жолаушыға дейін артты. 2024 жылдың маусымында пайдалануға берілген жаңа терминал ескі ғимаратқа түсетін жүктемені азайтып, ол толығымен ішкі рейстерге қызмет көрсетуге көшті.

Бірінші вице-премьерге құрылыс жоспарлары туралы «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ президенті Косе Гокер хабарлады. Оның айтуынша, нысанды басқаруға алған TAV Havalimanları Holding A.Ş. (TAV Airports Holding) компаниясы былтыр тамызда жалпы сомасы 360 млн долларға бес жылдық бас жоспарды бекіткен.

Құжатта терминалдарды қайта жаңарту, ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу, жерүсті қызмет көрсету жабдықтарын сатып алу, жүк перроны мен бортық тамақтандыру нысандарын салу, қонақүй мен көпдеңгейлі автотұрақ құрылысы және басқа да жобалар қарастырылған, — деп мәлімдеді Косе Гокер.

Нұрлыбек Нәлібаев мемлекет басшысы Қазақстанды өңірдің жетекші транзиттік экономикалары қатарына шығару міндетін қойғанын, ал үкімет бұл тапсырманы басым бағыт ретінде қарастыратынын атап өтті.

Дереккөз: Nur.kz