
Алматы қалалық мәслихатының депутаты болып AMANAT партиясынан Досбол Жілкібаев сайланды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Заңына сәйкес, Алматы қалалық мәслихатының «AMANAT» партиялық тізімі бойынша бос мандаты Досбол Мәлікомарович Жілкібаевқа берілді.
Бұған дейін депутат Игорь Проценконың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, ол жеке өтініш бергеннен кейін депутаттық корпуста бос орын пайда болды.
Досбол Жілкібаев – қазақстандық кәсіпкер және қоғам қайраткері. Ол 1984 жылы 27 қыркүйекте Жамбыл облысының Сарысу ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «құқықтану» және «кеден ісі» мамандықтары бойынша бітірген.
2020 жылдан бастап «AMANAT» партиясының мүшесі. Бұрын Жамбыл облыстық мәслихатының VII шақырылымының депутаты ретінде кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі комиссияда жұмыс істеген. Кәсіпкерлік қызметте және халықаралық іскерлік ынтымақтастықты дамытуда көп жылдық тәжірибесі бар. «DVERI CITY» дүкендер желісінің негізін қалаушы.
Досбол Жілкібаев қоғамдық және қайырымдылық қызметпен белсенді айналысады. Түрлі жылдары Арыс қаласындағы зардап шеккендерге көмек көрсетіп, пандемия кезінде «Біз біргеміз» акциясына қатысып, жас спортшыларды, балалар үйлері мен қарттар үйлерін қолдаған. Қоғамдық қызметі мен елдің дамуына қосқан үлесі үшін «Құрмет» ордені және «Халық алғысы» медалі қоса алғанда, бірқатар мемлекеттік және қоғамдық наградалармен марапатталған.
— Досбол Мәлікомарович өкілді органдағы жұмыс тәжірибесі ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлік, құрылыс, қалалық инфрақұрылым және әлеуметтік жауапкершілік мәселелерін түсінеді. Оның кәсіби және қоғамдық тәжірибесі тұрғындармен диалогты тиімді құруға және Алматының одан әрі дамуына практикалық үлес қосуға мүмкіндік береді деп сенемін, — деп атап өтті Алматы қалалық мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев.
Еске салайық, Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаевтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын.
Дереккөз: Inform.kz