...
... Алматы
USD
EUR
RUB

«Алматы жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау 1 маусымда басталады

1-15 маусым аралығында «Алматы жастары» бағдарламасы аясында 35 жасқа дейінгі жастарға арналған жеңілдікті тұрғын үй қарызына өтінім қабылдау басталады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, өтінімді kezekte.kz сайтының «Тұрғын үй қызметтері» бөліміндегі Almaty Jastary сервисі арқылы 2026 жылы 1 маусым сағат 9:00-ден 15 маусым сағат 18:00-ге дейін беруге болады. Порталға кіру электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы жүзеге асырылады.

Бағдарлама бойынша қарыздың ең жоғары сомасы 20 млн теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлеме — 5%, бастапқы жарна — 10%. Сондай-ақ бастапқы және қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.

Бағдарламаға Алматы қаласының 35 жасқа дейінгі тұрғындары қатыса алады. Негізгі талаптар — Алматыда кемінде бір жыл тұрақты тіркелу, қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде меншігінде тұрғын үйінің болмауы, сондай-ақ Алматыда кемінде алты ай міндетті зейнетақы жарналарымен ресми еңбек өтілінің болуы.

Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары қызметкерлерін, журналистерді, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары, коммуналдық қызмет қызметкерлерін, сондай-ақ «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушыларын қамтиды.

Өткен жылы бұл бағдарлама бойынша өтінім қабылдау 14 наурызда басталған. Барлығы 6 626 өтінім түскен, оның ішінде ең көп өтініш білім беру саласының өкілдерінен — 2 191.

Дереккөз: Inform.kz