
Алматыда 1 мамырдан бастап қалалық субұрқақтарды кезең-кезеңмен іске қосу басталды. Жаңа маусымда қала тұрғындары мен қонақтары үшін 55 коммуналдық субұрқақ кешені жұмыс істейді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Субұрқақтар күн сайын таңғы 8:00-ден кешкі 23:00-ге дейін, қолайлы ауа райы жағдайында жұмыс істейді. Биыл Алматыда классикалық субұрқақтармен қатар, жаяу жүргіншілер аймақтары мен қоғамдық кеңістіктерге орнатылған 11 «құрғақ» субұрқақ іске қосылды.
Маусым басталмас бұрын мамандар нысандарды кешенді дайындықтан өткізді. Субұрқақтардың тостағандары мен іргелес аумақтары тазартылып, су дезинфекцияланды, инженерлік жүйелер тексеріліп, жабдықтар жөнделді.
«Қалада бір мезетте екі ірі субұрқақ кешені — Республика алаңында және Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының жанында қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жұмыстарды және іргелес аумақтарды абаттандыруды 2026 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланған», — деп мәлімдеді әкімдікте.
Әкімдікте субұрқақтарды жаңарту мен күтіп-ұстау Алматының жайлы қалалық ортасын дамыту және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бағдарламасы аясында жүргізілетінін атап өтті.
Дереккөз: Inalmaty.kz