...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда заңсыз дүңгіршектер мен жазғы алаңдарды бұзу жеделдейді

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаладағы заңсыз бейстационарлық сауда нысандарын бұзуды жеделдетуді тапсырды. Бұл туралы ол НТО орналастыру және қоғамдық тамақтану мекемелеріндегі жазғы алаңдардың жұмысы мәселелері жөніндегі кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берікбол Мандибаевтың айтуынша, мониторинг барысында Алматыда 1595 заңсыз бейстационарлық сауда нысаны анықталған. Оның ішінде 509 нысан мемлекеттік қор жерлерінде, 210-ы жеке учаскелерде мақсатты пайдалануды бұза отырып, ал 876-сы бекітілген дизайн-код талаптарын бұза отырып орналастырылған.

Мандибаевтың сөзінше, мұндай нысандар жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіріп, қаланың архитектуралық келбетін бұзады және тұрғындардың шағымына себеп болады.

Дархан Сатыбалды тәртіп орнату жұмысы жүйелі және заң аясында жүргізілуі керек екенін атап өтті. Ол жыл басынан бері қалада 157 нысан ғана бұзылғанын, бұл мегаполис үшін жеткіліксіз көрсеткіш екенін жеткізді.

Әкім аудандық әкімдіктерге бақылауды күшейтуді, күнделікті аралауды жүргізуді және бұзушылықтарды белсенді анықтауды тапсырды. Сондай-ақ заңсыз нысандарды электр қуаты мен сумен жабдықтаудан ажыратуды бастамалап, полициямен бірлесіп иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартуды ұсынды.

Әкімдікте қазір Алматыда НТО орналастыру үшін 142 локация бекітілгенін, жыл соңына дейін олардың санын арттыру жоспарланғанын хабарлады.

Кеңесте қоғамдық тамақтану мекемелеріндегі жазғы алаңдардың қызметі де қаралды. Әкімдік дерегінше, тамақтану объектілерінің шамамен 30%-ы жазғы террасаларды пайдаланады. Қолданыстағы ережелер олардың уақытша және күрделі емес сипатын әрдайым ескере бермейді, бұл келісу кезінде қиындықтар туғызып, өз бетінше орналастыру жағдайларына әкеледі.

Осыған байланысты кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы бизнес үшін жазғы алаңдарды рәсімдеу рәсімдерін жеңілдету мақсатында қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізуді бастамалады.

Дереккөз: Inalmaty.kz