...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы әкімі заңсыз сауда нысандарына қатаң шара қолдануды тапсырды

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нысандарын (СЕСН) бөлшектеу және қоғамдық тамақтану орындарындағы жазғы алаңдардың жұмысы мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берікбол Мандибаевтың айтуынша, мониторинг қорытындысы бойынша қалада 1595 заңсыз стационарлық емес сауда нысаны анықталған. Оның 509-ы мемлекеттік қор жерлерінде, 210-ы жеке учаскелерде мақсатты пайдалануды бұза отырып, ал 876-сы бекітілген дизайн-код талаптарын бұза отырып орналастырылған. Мұндай нысандар жаяу жүргіншілерге кедергі келтіріп, қаланың сәулеттік келбетін бұзады және тұрғындардың шағымына себеп болады.

Әкім заңсыз СЕСН-ға қатаң шара қолдануды тапсырып, тәртіп орнату жұмысы ашық, дәйекті және қолданыстағы заңнама аясында жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.

«Ең алдымен жауапкершілік аудан әкімдеріне жүктеледі, олар күн сайын айналып, бұзушылықтарды анықтауы қажет. Жыл басынан бері барлығы 157 нысан бөлшектелді — бұл қала үшін төмен қарқын. Электр қуаты мен сумен жабдықтауды өшіруді бастау керек, полициямен бірге меншік иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту қажет. Ешқандай ерекшелік болмауы тиіс. Бір айдан кейін айтарлықтай нәтиже күтемін», — деді Дархан Сатыбалды.

Қазіргі уақытта қалада СЕСН орналастыру үшін 142 локация бекітілген, жыл соңына дейін олардың саны артады. Сондай-ақ кеңес барысында қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметін реттеу мәселесі қаралды. Қазіргі уақытта қоғамдық тамақтану орындарының шамамен 30%-ы жазғы алаңдарды пайдаланады. Алайда қолданыстағы реттеу тетіктері олардың уақытша және күрделі емес сипатын толық ескермейді, бұл келісу кезінде қиындықтар туғызып, рұқсатсыз орналастыру жағдайларына әкеледі. Осыған байланысты Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы кәсіпкерлер үшін рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізуді бастады.

Дереккөз: Almaty.tv