
Алматы қалалық ДСЭК басшысының орынбасары Гаухар Каткенова жаз мезгілінде санитарлық қызметтің жұмысы күшейтіле ме және қоғамдық тамақтану орындары қаншалықты жиі тексерілетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Көктемгі және жазғы кезең жедел инфекциялық аурулар, соның ішінде тамақтан улану үшін эпидемиологиялық маусым болып саналады. Бірақ тексерулер кәсіпкерлік кодекс аясында жүргізіледі. Сондықтан профилактикалық бақылау шеңберіндегі тексерулер, рұқсат беру талаптарына сәйкестік тексерулері бар. Жоспардан тыс тексерулер жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың өтініштері негізінде жүргізіледі. Бұрын тексерулер тіркелмей, санитарлық қызмет өзі жүргізген кезде жаз айларында рейдтік тексерулер болған. Қазір рейдтік тексерулер жоқ», — деді ДСЭК өкілі.
Дегенмен, санитарлық дәрігерлер тамақ өнеркәсібінде қызмет көрсететін кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ сайттар мен газеттерде мақалалар жариялау арқылы халықпен жұмыс жүргізіледі, — деді спикер.
Оның айтуынша, Алматыдағы жаппай демалыс орындарында былтыр инфекция өршу жағдайлары тіркелмеген.
«Жаз маусымының басталуымен туристік аймақтарда, жағажайларда, саябақтарда жұмыс күшейтіледі. Тамақтану объектілеріндегідей, бұл жерлерде де осындай жұмыс жүргізіледі. Су айдындарына келетін болсақ, ай сайын санэпидмониторинг, зертханалық бақылау жүргізіледі: суды бактериологиялық, санитарлық-химиялық және жылы кезеңде вирусологиялық зерттеулерге тексереді. Егер қандай да бір инфекция анықталса, біз тиісті шаралар қабылдаймыз», — деп түйіндеді Гаухар Каткенова.
Дереккөз: Inalmaty.kz