
Алматы мен тау бөктеріндегі 44 су айдынының 11-і қауіпті санатқа жатады. Бұл туралы ҚР ТЖМ «Барыс» РҚС су асты-құтқару бөлімінің басшысы Андрей Быбченко қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Барлығы Алматы мен тау бөктерінде 44 су айдыны орналасқан, оның 11-ін қауіпті деп санаймыз. Бұл жыл сайын оқыс оқиғалар тіркелетін немесе адамдар үшін қауіп жоғары учаскелер. Ең алдымен, бұл жер бедерінің ерекшеліктеріне, ағысқа және бақылаудың жоқтығына байланысты», – деді Андрей Быбченко.
Шомылу маусымының ресми басталуы – 1 маусым. Шомылуға арнайы жабдықталған жағажайларда, бассейндерде және құтқару құралдары қарастырылған, ескерту белгілері орнатылған және қауіпсіздік талаптары сақталған демалыс орындарында рұқсат етілген. Барлық қауіпсіздік талаптарына сай келетін «Гүлдер» демалыс аймағы су толығымен толтырылып, аумақ белгіленген нормаларға сәйкес келтірілгеннен кейін шомылу үшін ашылады.
Құтқарушылар демалушылардың жиі қайғылы оқиғаға әкелетін типтік қателіктеріне назар аударады. Адамдар ескерту белгілерін елемейді, тау өзендерінің ағыс күшін бағаламайды, тастарда тайғанап, жабдықталмаған жерлерде суға түседі. Сондай-ақ жақын жерде құтқарушылардың болмауы және таудағы ауа райының күрт өзгеруі қауіп төндіреді.
«Көбінесе қайғылы оқиғалар қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін білмеуден болады. Адамдар су айдындарының ерекшеліктерін ескермейді, тау өзендеріне түседі, тастарда тайғанап, ағыс оларды алып кетеді. Оған қоса ауа райы жағдайы: қалада күн болуы мүмкін, ал тауда жаңбыр немесе тіпті қар жауады. Әрине, жақын жерде құтқарушылар болмаса, уақытында көмектесетін ешкім болмайды», – деп атап өтті Андрей Быбченко.
Құтқарушы төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін де айтты. «Егер адам суға батып бара жатқанның куәгері болса, ең бастысы – дүрбелеңге берілмеу. Егер өз бетімен көмектесу мүмкіндігі болмаса, дереу жедел қызметтерді шақыру, қатты дауыстап көмек сұрау және айналадағыларды тарту керек. Оқиға орнында қалып, не болғанын нақты хабарлау маңызды», – деді ол.
Жалпы, ұлттық паркте кешенді жұмыс жүргізілуде: маршруттарды инспекторлар патрульдейді, туристермен түсіндірме әңгімелер өткізіледі, аншлагтар мен көрсеткіштер орнатылып, жедел қызметтермен өзара іс-қимыл жолға қойылған. Қауіпті учаскелерде 98 тыйым салатын белгі және 50 ескерту жазуы орналастырылған. Сонымен қатар жеті қауіпті учаскеде жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін интеллектуалды бейнебақылау камералары орнатылған. Сондай-ақ мектеп оқушыларына сабақтар өткізіліп, қауіпсіздік туралы ақпараттық роликтер мектептерде, СҒО-ларда, ХҚКО-ларда, метрода және қала көшелеріндегі экрандарда көрсетілуде. Құтқарушылар рұқсат етілген аймақтар болса да, ережелерді сақтау және арналмаған жерлерде суға түспеу маңызды екенін атап өтеді.
Дереккөз: Almaty.tv