
Қазақстанда 1 мамырда атап өтілетін Халық бірлігі күні – бейбітшілік, келісім мен өзара түсіністік мерекесі. Алматыда осы күн қарсаңында қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған мәдени-ағарту жұмысы күшейтілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Алматы қалалық неміс мәдени-этникалық «Возрождение» қоғамының төрайымы Людмила Набокова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, этномәдени бірлестіктердің қызметі бүгінде ұлттық дәстүрлерді сақтаумен қатар, ортақ азаматтық бірегейлікті қалыптастыруды да қамтиды. Білім беру курстары, мәдени-ағарту жобалары, басқа этномәдени бірлестіктермен бірлескен іс-шаралар, сондай-ақ конференциялар мен оқыту бағдарламалары жүзеге асырылуда.
«Өзінің ұлттық тамырына деген қызығушылық сақталуда, соның ішінде жастар арасында. Бұған заманауи форматтар – білім беру бағдарламалары, ұрпақтар сабақтастығы, мәдени-бұқаралық іс-шаралар, әлеуметтік желілер мен қашықтықтан өткізілетін конкурстар ықпал етеді», – деп атап өтті спикер.
Людмила Набокова Қазақстан халқының бірлігі күнінің маңызы ерекше екенін айтты.
«Бұл бейбітшілік, достық пен өзара түсіністік мерекесі. Ол айырмашылықтарға қарамастан, біздің бір үлкен және тату отбасы екенімізді сезінуге мүмкіндік береді», – деп атап көрсетті ол.
Негізгі бастамалардың қатарында – «Бір шаңырақ астында» жобалары, Неміс мәдениеті күндері, сондай-ақ ҚР Ұлттық музейімен жыл сайынғы бірлескен іс-шаралар.
Спикердің айтуынша, этномәдени бірлестіктердің қаланың дамуына қосқан үлесі елеулі: бұл мәдени мұраны сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, халықаралық байланыстарды дамыту және әлеуметтік тұрақтылықты қолдау.
«Бәріміз – Қазақстан азаматтарымыз. Бүгінде ұлтына қарамастан, көптеген адам өзін дәл қазақстандық ретінде сезінеді. Бұл біздің бірлігіміздің негізі», – деп түйіндеді ол.
Дереккөз: Almaty.tv