
Алматыда жеке сот орындаушысы бюджет қаражатын ұрлағаны үшін бас бостандығынан айырылып, кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салынды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы прокуратурасы жеке сот орындаушыларының қызметін тексеру барысында бюджет қаражатын заңсыз алу фактісін анықтады. Қадағалау органының мәліметінше, 2024 жыл ішінде жеке сот орындаушысы қызмет бабын пайдаланып, алимент өндіріп алу бойынша атқарушылық іс жүргізу үшін бюджеттен 4,2 миллион теңге алған.
Ол заң талаптарын бұзған, өйткені бір атқарушылық іс жүргізу бойынша төлем жылына бір реттен артық жіберілмеуі керек. Осыған қарамастан, сот орындаушысы 47 іс бойынша 76 қайталама есеп беруді әділет департаментіне жіберіп, қосымша қаражатты заңсыз алған.
Алмалы аудандық сотының үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған бес жыл бойы тиісті қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Дереккөз: Inalmaty.kz