
Алматыда жас суретшілердің «Замандастар» көрмесі ашылды. Мұнда реализм мен эксперимент, камералық портреттер мен ауқымды пейзаждар бір алаңда тоғысқан. Жоба қазіргі қазақстандық өнердің бет-бейнесін көрсететін айна ретінде бағалануда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«ZAMANDASTAR» жобасын суретшілер Нұрлан Сатаев пен Тұрғын Әбдірахман бастап, бірнеше жыл бойы жаңа есімдерді ашып, қаланың мәдени ортасын қалыптастырып келеді. Бұл жолы көрмеге жиырмаға жуық автор қатысып, Алматы көркемсурет галереясында ұсынылды. Көрмені 6 мамырға дейін тамашалауға болады. Әр суретші өзінің визуалды тілінде сөйлейді, бірақ оларды ортақ мақсат – заманауи өмір ырғағын сезіну және жеткізу біріктіреді.
«Көрмеге менің екі жұмысым іріктеуден өтіп, арт жағымда тұр. Мұнда бірыңғай тақырып немесе стиль жоқ, сондықтан барлық экспозиция әртүрлі, қызықты. Біз қала әкімдігіне, Алматы музейлер бірлестігіне жас суретшілерге жыл сайын жұмыстарын көрсетуге, өздерін танытуға мүмкіндік бергені үшін өте ризамыз», – деді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Елдос Азаматылы.
Сондай-ақ көрмеде «Қазақстан Республикасы Суретшілер одағына 90 жыл» атты мерейтойлық альбом таныстырылды. Басылым екі жүзден астам авторды – танымал шеберлерден шетелдік қатысушыларға дейін біріктірген. Олардың жұмыстары бұрын Ұлттық музейде және Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында көрсетілген. Альбом ұлттық көркемдік мектептің даму шежіресіне айналып, үш тілде жарық көрді.
«Суретшілер одағы – елдегі алғашқы шығармашылық ұйым. Біз бұл альбом мен 90 жылдық мерейтой еліміз үшін айтарлықтай маңызды ұлттық көркемдік мектептің даму қорытындысын шығарады деп есептейміз. Оның маңыздылығы осында», – деп атап өтті Қазақстан Суретшілер одағының хатшысы, мәдениеттанушы-өнертанушы Камилла Ли.
Көрме 6 мамырға дейін жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтары қазақстандық өнердің бүгінгі бейнесін – жанды, әртүрлі және батыл – тегін тамашалай алады.
Дереккөз: Almaty.tv