
Алматы мен таулы аймақтарда ауа райы күрт нашарлайды, 24 сәуірде жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Қазгидромет» РМК синоптиктерінің мәліметінше, Алматыда 24 сәуірде жаңбыр мен найзағай, түнде кей жерлерде қатты жаңбыр күтіледі. Желдің екпіні секундына 15 метрге жетеді.
Іле-Алатау тауларында (Медеу және Бостандық аудандарының таулы аймақтары) түнде кей жерлерде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), найзағай және бұршақ күтіледі. Күндіз — жаңбыр, найзағай. Желдің екпіні секундына 25 метрге жетеді.
Алматы облысында да дауылды ескерту жарияланды. 24 сәуірде түнде облыстың оңтүстігінде кей жерлерде қатты жаңбыр күтіледі. Таулы аудандарда — қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар). Түнде — жаңбыр, найзағай және бұршақ.
Жел оңтүстік-батыстан, таулы аудандарда екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Облыстың шығысы мен таулы аудандарында түнде кей жерлерде екпін секундына 23-28 метрге дейін күшейеді.
Қонаевта түнде жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Айта кетейік, синоптиктердің мәліметінше, Қазақстанның 16 өңірінде дауылды ескерту жарияланған. Бұған дейін Алматы коммуналдық қызметтері күтілетін жаңбыр мен найзағайға байланысты жоғары дайындық режиміне көшірілген болатын.
Дереккөз: Inform.kz