
Алматыда тұратын Қуаныш Мұхамеджанов тұрмыстық қалдықтардан үлкен арт-нысандар жасап, ерекше өнерімен танылып жүр. Шебердің коллекциясында қазір 60-қа жуық жұмыс бар, оның ішінде ең үлкені — биіктігі 4,5 метр, ұзындығы 11 метрге жуық ғарыш кемесі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қуаныш Мұхамеджанов recycling art бағытында жұмыс істейді. Ол металл, пластик және ескі техника бөлшектеріне екінші өмір сыйлайды. Алғашқы роботты ол өз мейрамханасына келушілерді тарту үшін жасаған. Шетелдік тәжірибені үлгі етіп, үйдегі ескі заттардан Бамбл Би трансформерін құрастырған. Бұл оның өмірлік ісіне айналды.
«Бірінші роботқа үйдегі, гараждағы барлық ескі заттарды жинадым: ескі автомобиль бөлшектері, раковина. Келесі арт-нысанға металл сынықтарын СТО-дан сатып алдым. Кейін пластиктен жасай бастағанда, тұрмыстық техника мен пластикті қайта өңдеуге арналған экожоба жасадым. Адамдар ескі пластик, шаңсорғыш, теледидарларды өткізді», — деді автор.
Қазір шебердің 60-қа жуық жұмысы бар. Олардың биіктігі 5-6 метрге жетеді. Бір нысанды жасауға 2-3 ай кетеді. Галереяда ірі нысандармен қатар, легодан жасалған кішкентай фигуралар, шәйнектерден жасалған люстра да бар. Қуаныштың жұмыстары шетелде де қызығушылық тудыруда.
«Тұрмыстық техника шығаратын ірі компаниялар маған тапсырыс береді — өз техникасынан арт-нысан жасау. Болашақта үйренгісі келетіндерге арналған галерея ашуды жоспарлап отырмын», — деді ол.
Галереяда «Капсула 2000-жылдар» бұрышы да бар. Онда скульптор ескі заттарды арт-нысанға айналдырмай, бастапқы күйінде сақтап, ностальгия атмосферасын тудырады.
Дереккөз: Almaty.tv