...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Қараңғы көшелер: Алматыда көше жарығы неге нашар жұмыс істейді

Алматы тұрғындары қала орталығындағы көшелерде шамдардың жұмыс істемейтінін немесе жарық қосылған күннің өзінде қараңғы екенін байқап жүр. 2022 жылы Президент сол кездегі әкім Ерболат Досаевқа қаланы кешкі уақытта жарықтандыру мәселесін шешуді тапсырған болатын. 2026 жылдың басында қазіргі әкім Дархан Сатыбалды Президентке 2025 жылы қала сапалы сыртқы жарықтандырумен қамтамасыз етілгенін, оның қуаты екі есе артқанын хабарлады. Алайда іс жүзінде бұл бағытта әлі көп жұмыс қажет екені анықталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Мысалы, Гоголь көшесінің Наурызбай батыр мен Желтоқсан аралығындағы солтүстік жағындағы тротуарда жарық болмайды. Жібек жолы көшесінде Сейфулиннен Наурызбай батырға дейінгі аралықта шамдардың бір жағы жұмыс істемейді. 2025 жылы Алматыда сыртқы жарықтандыру жүйесін дамытудың бас жоспары бекітілді. Өткен жылы әкімдік 16,5 мың жаңа шам орнатып, 80 көшеде 15,5 мың шамды жаңартып, 36,5 мың шамды жөндеп қалпына келтірді.

— Қолданыстағы шамдардың бір бөлігі бұрынғы жылдары орнатылған және бүгінде моральдық және техникалық тұрғыдан ескірген, сондықтан олардың сипаттамалары заманауи талаптарға толық сәйкес келмейді. Модернизация аясында мұндай шамдарды кезең-кезеңімен ауыстыру жүргізілуде, — деп хабарлады қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасы.

Тротуарларды жарықтандыру үшін қосымша торшер тіректері орнатылып, жаяу жүргіншілер аймағына бағытталған кронштейндер мен ұзындығы 4 метрге дейінгі кронштейндер қолданылады. Дегенмен, жаңа шамдар орнатылған жерлерде де тротуарлар қараңғы болып қалуда. Басқарма мұны бірнеше себеппен түсіндіреді.

— Алматы — ең көгалды қалалардың бірі, ағаштардың қалың жапырақтары көлеңкелі аймақтар құрайды. Сонымен қатар, тротуарларды жарықтандыру параметрлері санитарлық және құрылыс нормаларына сәйкес таңдалады. Жарықтың тұрғын үй терезелеріне шамадан тыс түсуін болдырмау үшін тым жарқын шамдарды қолдану шектелген, — деп мәлімдеді басқарма.

Дереккөз: Inform.kz