...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыдағы Сайран және Есентай жағалауларына 1 млрд теңге жұмсалады

Биыл Алматыда Сайран көлі мен Есентай өзенінің жағалауларын абаттандыру жұмыстары жалғасады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Мемлекеттік сатып алу порталында осы жұмыстарға қатысты екі лот жарияланды. Бірінші лот Есентай өзенінің бойында — Әл-Фараби даңғылынан Жамақаев көшесіне дейін — ландшафттық композициялар жасауды көздейді. Жоба құны 482 248 042 теңге. Екінші лот Сайран көлінің жағалауын абаттандыруға және ландшафттық композициялар құруға арналған, оған 548 071 520 теңге бөлінген.

Есентай жағалауында жеті мың шаршы метрден астам аумаққа көпжылдық өсімдіктер, ал екі мың шаршы метрге жуық жерге біржылдық гүлдер мен қызғалдақтар отырғызылады. Сонымен қатар 8 650 түп гортензия көшеті егіледі. Жаяу жүргіншілерге үш мың шаршы метрден астам экожол салынады.

Сайран жағалауында көгалдандырудың жаңа кезеңі басталады. Атап айтқанда, 10 мың шаршы метр аумаққа гортензия бұталары отырғызылып, маусым бойы күтім жасалады. Үш мың шаршы метрден астам жерді көпжылдық өсімдіктер алады, сондай-ақ экожолдар төселеді. Біржылдық өсімдіктер мен қызғалдақтар отырғызылатын гүлзарлар да пайда болады.

Екі лот бойынша өтінімдерді қабылдау 22 сәуірде басталып, 29 сәуірге дейін жалғасады.

Еске салайық, 2023 жылдан бастап қалада Сайран көлі жағалауын жаңарту жобасы іске асырылуда. 2025 жылы ресми ашылу болмаса да, негізгі жұмыстар аяқталып, нысан іс жүзінде пайдалануға берілді.

Бұған дейін Алматы әкімдігі Әл-Фараби даңғылынан Рысқұлов даңғылына дейінгі 7,2 км өзен арнасын қайта құру жоспарын хабарлаған болатын. Бұл жобаға 11 млрд теңге бағытталмақ.

Дереккөз: Inform.kz