
Алматыда коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті. Бұл алдағы күндері күтілетін жауын-шашын мен найзағайға байланысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясының мәліметінше, «Қазгидромет» РМК болжамы бойынша 23 сәуірде сағат 15:00-ден бастап жауын-шашын басталып, 17:00-ден кейін қатты нөсер мен желдің екпіні 15-18 м/с-қа жетуі мүмкін. 24 сәуірде де жаңбыр, кей жерлерде қатты нөсер мен найзағай күтіледі. 25 сәуірде ауа райы айнымалы бұлтты, қысқа мерзімді жауын-шашын болады.
Су басулардың алдын алу және ауа райының нашарлауына жедел ден қою үшін қызметтер тәулік бойы кезекшілік етеді. Жұмысқа 104 бірлік арнайы техника, 74 мотопомпа және 12 ассенизаторлық көлік жұмылдырылды, олардың бір бөлігі қауіпті аймақтарда орналастырылған.
Сонымен қатар 75 жедел бригада құрылып, олардың құрамында 425 жол жұмысшысы бар. Шамамен 2300 құм салынған қап дайындалды.
Қосымша кезекшілікте Алматы Құтқару қызметі мен ТЖД бөлімшелері тұр. Жалпы қала бойынша тәулігіне 2700-ден астам жол жұмысшысы мен 1200-ден астам техника шығарылады.
Барлық қызмет тәулік бойы жұмыс істеп, ауа райының өзгерістеріне жедел ден қоюға дайын.
Дереккөз: Inalmaty.kz