...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда суға түсуге тыйым салынған жерлер: 100-ге жуық белгі орнатылды

Алматыда су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қала аумағында бақытсыз жағдайлардың алдын алу үшін 100-ге жуық тыйым салатын белгі орнатылып, каналдардың бетон плиталарына 20 ескерту жазуы жазылған.

Алматы Төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәулет Бекмұхамбетовтің айтуынша, оқыс оқиғалардың алдын алу және халықты судағы қауіпсіз мінез-құлық ережелері туралы хабардар етуге ерекше көңіл бөлінеді.

— Жазғы кезең әрбір тұрғыннан судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды және жоғары деңгейдегі зейінді талап етеді. Әсіресе балаларды су айдындарында демалған кезде қараусыз қалдырмау маңызды, — деп атап өтті ол Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде.

Жүзу маусымында ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін Аэропорт көліндегі стационарлық құтқару бекеті мен Сайран көліндегі екі құтқару бекетінің жұмысы ұйымдастырылған.

Сонымен қатар, 28 сәуірден бастап ТЖД қызметкерлері полициямен, Құтқару қызметімен және Ұлттық ұлан әскери қызметшілерімен бірлесіп қала су айдындарында профилактикалық рейдтер жүргізуде. Іс-шаралар барысында демалып жатқандарға судағы қауіпсіз мінез-құлық ережелері түсіндіріліп, оларды бұзғаны үшін жауапкершілік ескертіледі.

Дәулет Бекмұхамбетовтің айтуынша, 2026 жылдың басынан бері Алматы су айдындарында балалардың қаза табуының бірде-бір жағдайы тіркелмеген.

Құтқарушылар тұрғындарға су айдындарындағы қауіпсіздіктің негізгі талаптарын еске салады:

— «Жүзуге тыйым салынған» белгілері орнатылған жерлерде жүзбеу;
— жүзу аймағының шекарасын белгілейтін бакендерден асып жүзбеу;
— қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жартастардан және басқа да жабдықталмаған жерлерден суға секірмеу;
— жалған дабыл сигналдарын бермеу;
— қауіпсіздік белгілерін бүлдірмеу және бөлшектемеу;
— алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде суға түспеу;
— бакендер мен қауіпсіздік белгілеріне шықпау;
— балалардың ересектердің сүйемелдеуінсіз суда болуына жол бермеу.

Бұған дейін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстанда ауа мен су айдындарын ең көп ластайтын жерлер туралы айтқан болатын.

Еске салайық, Алматы облысында су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 43 адам жазаланды.

Дереккөз: Inform.kz