...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда жылу маусымына дайындық: қала шаруашылығының 50,5% әзір

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен қала инфрақұрылымын алдағы жылу маусымына дайындау мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Жиында жылумен, электрмен және сумен жабдықтау жұмыстарының қарқыны, сондай-ақ тұрғын үй қорының дайындығы қаралды. Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, қала шаруашылығының қысқы кезеңге жалпы дайындығы 50,5% құрайды. Барлық жұмыс бекітілген кестелерге сәйкес жүргізілуде.

Коммуналдық инфрақұрылым нысандарының дайындығы келесідей бөлінеді: «АлЭС» АҚ – 52%, «АЖК» АҚ – 46%, «Алматы Су» МКК – 71%, «Алматытеплокоммунэнерго» ЖШС – 39%, «Алматы жылу желілері» ЖШС – 38%, газ желілері – 57%.

Тұрғын үй қорын дайындауға ерекше назар аударылды. Алматыда 9 861 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның 9 283-і орталықтандырылған жылумен жабдықтауға қосылған. Бүгінгі күні 984 үй дайындық актілерін алды. Жылу жүйелерін жуу және опрессовкалау, сондай-ақ үй ішілік желілерді жөндеу жұмыстары жалғасуда және 10 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс.

Басқару органы жоқ 230 көппәтерлі үйді дайындау мәселесі бөлек қаралды. Олар үшін аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізіледі, оны тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ қалада жөндеу және инвестициялық бағдарламалар іске асырылуда. Ағымдағы жылы 20 км жылу желілерін реконструкциялау, 379 км электр желілерін жаңғырту және 60 км-ден астам су құбыры мен кәріз желілерін жаңарту жоспарланған.

Алматы әкімі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың күзгі-қысқы кезеңге дайындығын бақылауды күшейтуді тапсырып, барлық жұмыстың мерзімін қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.

Дереккөз: Inalmaty.kz