
FlyArystan әуекомпаниясы Алматы мен Астанадан Ыстықкөлге тікелей рейстерді іске қосты. Алматыдан рейс 18 маусымнан бастап, ал Астанадан 3 шілдеден бастап ұшады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
FlyArystan баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы – Ыстықкөл (Тамчы) – Алматы бағыты бойынша тікелей рейс қатарынан екінші жыл іске қосылды. Маусымдық рейстер 18 маусымнан 30 тамызға дейін аптасына екі рет – бейсенбі және жексенбі күндері орындалады.
Маршрут жолаушыларға Ыстықкөл жағалауына жылдам және ыңғайлы жетуге мүмкіндік береді, жерүсті көлігімен салыстырғанда жолдағы уақытты едәуір қысқартады. Алматыдан ұшу сағат 16:15-те орындалады. Ұшу ұзақтығы бір сағаттан аз болады, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, қазақстандықтардың Ыстықкөлде демалуға деген сұранысының жоғары болуына байланысты әуекомпания Астанадан да тікелей рейс ашады. Астана – Ыстықкөл (Тамчы) – Астана бағыты бойынша рейстер 3 шілдеде басталып, 31 тамызға дейін аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері орындалады.
Әуекомпанияда Ыстықкөлдің қазақстандықтар арасында жақындығы, көркем табиғаты және дамыған туристік инфрақұрылымы арқасында жазғы демалыстың ең танымал шетелдік бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Дереккөз: Nur.kz