
Алматыда жаздың басталуымен қала көшелерінде Формула-1 болидтері жүргендей мотордың гуілі жиі естіледі. Kazinform агенттігінің тілшісі мұндай дыбыс эффектілері бар көліктердің қайдан пайда болғанын анықтады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Көлік қозғалған кездегі мотордың гуілі, Формула-1 болидтеріне тән, тамсандырады. Бірақ бұл дыбыс халық тығыз қоныстанған қала көшелерінде естілсе, ол бәріне бірдей ұнамауы мүмкін. Алайда алматылықтар түнде кейде автомобиль қозғалтқыштарының қатты гуілінен селк етеді.
Ашық дереккөздерден алынған мәлімет бойынша, қарапайым көліктің осылай дыбысталуы үшін автокөлік иесіне тура ағынды спорттық шығару жүйесін орнату немесе терең тюнинг жүргізу жеткілікті. Тағы бір нұсқа — тең ұзындықтағы шығару коллекторын орнату. Бұл жүйе барлық цилиндрлерден шыққан газдарды бір түйінге бағыттайды, осылайша импульстар бір-біріне қатаң ретпен қабаттасып, акустикалық резонанс тудырады. Тағы бір нұсқа — тура ағынды дыбыс басқыш, ол төмен жиілікті бас қоспай, дыбыстың жоғары жиілігін сақтауға мүмкіндік береді.
Алайда бұл мәселенің екінші жағы да бар: автомобиль конструкциясына енгізілген барлық өзгерістер иесі үшін күрделі проблемаларға әкелуі мүмкін.
Алматы қалалық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев РСК-дағы брифингте Kazinform тілшісінің сұрағына жауап бере отырып, жазда қалада автокөлік әуесқойларының қатты қозғалтқыштары бар көліктермен түнгі уақытта көшелерде шу шығару жағдайлары жиілегенін хабарлады.
— Полиция қызметкерлері анықтаған жағдайда құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылады, оның ішінде түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабында көзделген. Егер көлік құралы қайта жабдықталғанын анықтасақ, онда қайта жабдықтағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады, — деді Тимур Ноғайбаев.
Сондай-ақ құқық қорғау органдарының автокөліктерге бақылауды күшейткені атап өтілді.
— Күн сайын біз рейдтік іс-шаралар өткіземіз. Әсіресе демалыс және мереке күндері күшейтеміз, жұма және сенбі күндері осы бағытта белсенді жұмыс істейміз, — деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы.
Бұған дейін Алматыдағы әл-Фараби даңғылындағы өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасында айыпталушының жылдамдықты асыруды қалай түсіндіргені туралы хабарлаған болатынбыз.
Альберт Ахметов
Дереккөз: Inform.kz