...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда өнеркәсіп өндірісі 931 млрд теңгеден асты: өсім 27,8%

Алматыда биылғы жылдың бес айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 931,3 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,8%-ға артық, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Негізгі өсім драйвері – өңдеу өнеркәсібі. Бұл секторда өндіріс көлемі 743,2 млрд теңгеге жетіп, 32,1%-ға ұлғайды. Қазір өңдеу өнеркәсібі қаланың жалпы өнеркәсіп өндірісінің 80%-ын құрайды.

Алматыда тамақ, химия, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру кәсіпорындары белсенді дамып келеді. Қазір мегаполисте 130-дан астам ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді.

Қала экономикасының дамуына Алматы индустриялық аймағы елеулі үлес қосып отыр. Оның жалпы ауданы 695 гектарды құрайды. Аймақ аумағында 151 компания жобаларды іске асырып, 21,8 мыңнан астам жұмыс орнын құруда.

Шағын және орта бизнесті дамытуға қосымша серпін беретін – өнеркәсіптік парктер. Бүгінде Алматыда жалпы ауданы 95 мың шаршы метрді құрайтын 23 шағын өнеркәсіптік парк жұмыс істейді. Бұл алаңдарда 2400-ге жуық жұмыс орны құрылған.

Сонымен қатар Алматы елдегі жетекші IT-орталықтардың бірі ретінде өз позициясын нығайтуда. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушылары – ауданы 163 гектарды құрайтын 178 компания:

  • 108 компания (НИТ, alabs.team, PayBox, Личная Касса және т.б.) бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу саласында «экстерриториалдық» қағидаты бойынша жұмыс істейді;
  • 70 компания (Kaspi Cloud, Freedom Data Centers, Eltex Alatau, Nero Lab, Xfinity Solutions, Kaztechinnovations, Алтын Групп және т.б.).

Қазір «ИТП» АЭА аумағында 24 жоба іске асырылып, 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылуда.

Өнеркәсіптің, өндірістік инфрақұрылымның және инновациялық сектордың дамуы Алматыға экономикалық өсудің жоғары қарқынын сақтауға және қаланың инвестициялық тартымдылығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Дереккөз: Almaty.tv