
Алматыда сауда орталығының автотұрағында дрифт элементтерін орындаған жүргізушіге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды. Оның қауіпті жүргізуден бөлек, бірқатар өзге де бұзушылықтары анықталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Полиция мәліметінше, оқиға түнгі сағат 01:30 шамасында сауда орталығының автотұрағында болған. Жүргізуші дрифт элементтерін орындап, айналасындағыларға қауіп төндіріп, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері Медеу ауданы полицейлерімен бірлесіп, тексеру жүргізіп, бұзушының жеке басын анықтаған. Ер адамға қатысты бірнеше бап бойынша әкімшілік материалдар толтырылған. Анықталған бұзушылықтардың ішінде – жол төсемін бүлдіру, сақтандыру полисінің болмауы, қауіпсіздік белдігін пайдалану талаптарын бұзу және техникалық байқаудан өтпеген көлікті пайдалану. Сонымен қатар, оның әрекеттері ұсақ бұзақылық ретінде сараланған.
Сот шешімімен жүргізуші бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Алматы қалалық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінур Тасыбаев мұндай бұзушылықтар полицияның ерекше бақылауында екенін атап өтті. Оның айтуынша, қала жағдайында дрифт айналасындағыларға қауіп төндіреді және жол қозғалысына қатысушылар үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Дереккөз: Inalmaty.kz