...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы тауында сегіз турист құтқарылды: біреуі аяғын жарақаттап, қалғаны қараңғыда адасты

Алматы тауындағы Фурманов шыңы маңында бір турист түсу кезінде аяғын жарақаттап, әрі қарай өздігінен жүре алмай қалды. Оның жанында екі серігі болған. Құтқарушылар дереу оқиға орнына жетіп, жарақаттанған адамды эвакуациялады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Қимасар шатқалына жедел түрде «Барыс» РЖҚ тобы жіберілді. Құтқарушылар жаяу көтеріліп, жарақат алған жігітті тауып, тасымалдауға дайындап, шатқалға түсірген. Одан кейін оны Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырып, қарап-тексеруден кейін ауруханаға жеткізген.

Сонымен қатар, Медеу ауданында «Шымбұлақ» ШЖК-дан жоғары жерде бір топ турист қараңғы түскен соң маршруттан адасып, әрі қарай жүре алмай қалған. Олар 112 пультіне хабарласып, көмек сұраған. Құтқарушылар геолокация арқылы олардың орнын анықтап, үш туристі тауып, төмен түсіре бастаған.

Түсу кезінде құтқарушылар тағы бір топқа — бес адамнан тұратын туристерге кезіккен, олар да қараңғыда бағдар таба алмай қиналған. Нәтижесінде барлық сегіз турист аман-есен «Шымбұлақ» тұрағына жеткізілген. Олардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болмаған.

Дереккөз: Nur.kz