...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Жаркенттік жігіт «әскерге жолдаманы» ұтып алып, Алматыда ант берді

Әскери-инженерлік радиоэлектроника және байланыс институтының оқу орталығында жас толықтырудың әскери ант қабылдау салтанатты рәсімі өтті. Бұл күні Отанға адалдық антын Жетісу облысынан, сондай-ақ Астана мен Шымкенттен шақырылған 100-ден астам жауынгер берді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Солардың арасында Жаркенттен келген 18 жастағы қатардағы жауынгер Рахат Қабылжан да бар. Әлі өткен жылы жігіт достарымен бірге әскер қатарында қызмет етуге ниет білдіріп, жергілікті әскери басқару органына жүгінген, алайда кәмелетке толмағандықтан шақырылмаған еді.

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Жаркент әкімдігі тұрғындар арасында бағалы сыйлықтардың ойынын ұйымдастырып, ондағы лоттардың бірі символдық «әскерге жолдама» болды. Осы ерекше сыйдың иесі Рахат Қабылжан атанды. Шақырылу жасына жеткен соң, жас жігіт бірден Қазақстан Қарулы Күштері қатарына қызметке аттанды.

— Бұл тосынсый мені қатты қуантты. Жас жауынгер курсынан өту барысында мен өмірімді қайта ой елегінен өткіздім. Мінезімнің өзгеріп жатқанын сезінемін, әлдеқайда жауапкершілікті және тәртіпті болдым, — деді қатардағы жауынгер Рахат Қабылжан.

Ант қабылдау алдында жас жауынгерлер саптық, тактикалық және атыс дайындығының негіздерін меңгеріп, әскери қызмет жағдайларына бейімделген жас жауынгер курсынан сәтті өтті. Рәсім аяқталған соң, жауынгерлер қоян-қолтық ұрыс дағдыларын көрсетіп, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты маршпен өтті.

Алда жауынгерлерді кіші мамандар курсы бойынша үш айлық қарқынды оқу күтіп тұр. Осы уақыт ішінде олар күрделі және сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруі керек. Олардың қатарында — арнайы байланыс және радиотехникалық әскерлер мамандары, радиолокациялық станциялар мен радиобиіктік барлау аспаптарының операторлары, зениттік-зымырандық кешендерді сүйемелдеу операторлары, сондай-ақ дизельші-электриктер бар.

Ағымдағы жылдың жаңалығы — ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару курсының енгізілуі. Осы бағыт бойынша дайындықтан жас толықтырудың барлық әскери қызметшілері өтеді. Оқу аяқталғаннан кейін күзет ротасының әскери қызметшілері әскери институтта қызметін жалғастырады. Қалған мерзімді әскерлер ҚР ҚК Әуе қорғаныс күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің әскери бөлімдеріне жіберіліп, елдің әуе шекараларын күзету бойынша жауынгерлік кезекшілікке тұрады.

Дереккөз: Almaty.tv