...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Ресейдің «Сириус» мектебінің филиалдары Астана мен Алматыда ашылады

Ресейдің дарынды балаларды қолдау мектебі «Сириустың» филиалдарын Астана мен Алматыда ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, екі ел арасындағы білім саласындағы өзара іс-қимыл дәйекті түрде нығайып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда МГИМО филиалын қоса алғанда, тоғыз ресейлік жоғары оқу орнының филиалдары жұмыс істейді.

Ынтымақтастықтың тереңдей түскенін көрсететін тағы бір көрсеткіш – өткен жылы Омбыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалының ашылуы.

— Бүгінде 60 мыңнан астам қазақстандық студент ресейлік жоғары оқу орындарында білім алуда. Сонымен қатар, 60-қа жуық қазақстандық университет 50 ресейлік жоғары оқу орнымен серіктестік орнатқан, — деп атап өтті Көшербаев.

Ол бірлескен білім беру бастамаларын, оның ішінде екі ел аумағында қазақстандық-ресейлік мектептер құру және Астана мен Алматыда «Сириус» мектебінің филиалдарын ашу жобасын іске асырумен байланысты үлкен перспективаларды атап көрсетті.

— Біз осы саладағы ынтымақтастықты одан әрі белсенді дамытуға дайынбыз, — деді министр.

Бұған дейін Алматыда дарынды оқушыларға арналған «Сириус» мектебінің іргетасы қаланған болатын.

Дереккөз: Inform.kz