
Ресей азаматшасы Алматыда өзі мен үш жасар ұлына қатысты зорлық-зомбылық көрсетілгенін айтып, бейнеүндеу жариялады. Ол әкесінің баланы күштеп ұстап қалуына шағымданды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ресей азаматшасының айтуынша, ол 3 сәуірде ұлы Адаммен бірге Алматыға ұшып келген. Баланың әкесімен ресми қарым-қатынаста болмаған, ешқашан үйленбеген және бірге тұрмаған. Оларды тек ортақ бала байланыстырған.
Келуінің соңғы күні әкесі оның телефонын тартып алып, хат-хабарларын тексере бастаған. Қызғаныш сахнасын жасап, заңсыз әрекеттерге барған. «Ол мені анасы мен әпкесінің көзінше аяусыз ұрды. Шашымды жұлды, басымды еденге ұрды. Есімнен танып, құсып, көзіме қан құйылды. Бәрінің алдында мені өлтіруді талқылады. Сосын басымды қырып тастады», – деп сипаттады ол.
«Өмірімді сақтап қалу үшін бәріне келістім. 11 сәуірде Новосібірге ұшуым керек еді, бірақ мені жібермеді. 22 сәуірде ұлымды кепілге қалдырып, полицияға бармау шартымен босатты», – деді ол.
Әйел өзіне 3 млн теңге көлемінде материалдық залал келтірілгенін айтады. Алматы қалалық Полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта тергеудің толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін тергеу шаралары жүргізілуде. Үндеуде келтірілген дәлелдер мен мән-жайлар мұқият тексерілуде. Тергеу барысы бақылауда», – деп мәлімдеді полиция.
Дереккөз: Nur.kz