...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Медеу мен Шымбұлаққа кіру тәртібі өзгерді: жаңа ереже қабылданды

Алматы мәслихаты депутаттары «Медеу» өңірлік табиғи паркі мен «Шымбұлақ» шатқалының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарына көлік кіруін шектеу туралы шешім жобасын қолдады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Жобаны қалалық мәслихаттың кезектен тыс 52-сессиясында Алматы экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бақтыгереев таныстырды.

Оның айтуынша, шектеулер ерекше қорғалатын табиғи аумаққа көлік және антропогендік жүктемені азайту үшін енгізіліп отыр.

Жаңа тәртіптің қажеттілігі Конституциялық Соттың 2026 жылғы 12 маусымдағы қаулысынан кейін туындады. Сот 2016 жылы әкімдік қаулысымен белгіленген бұрынғы шектеуді Конституцияға сәйкес келмейді деп танып, мұндай шешімдер мәслихат құзыретіне жататынын және тұрғындардың құқықтарын ескеруі тиіс екенін көрсетті.

— Біз бұрынғы тәртіпті жай сақтап қана қоймай, экологиялық жағдайды, заңнама талаптарын және тұрғындардың құқықтарын ескере отырып, көлік жүктемесін реттеудің заңды тетігін орнатуды ұсынып отырмыз, — деді Аршат Бақтыгереев.

Басқарма деректері бойынша, бақылау-өткізу пункті арқылы күн сайын шамамен 700 автокөлік өтеді. 2026 жылдың сегіз айында 179 024 өту тіркелсе, 2022 жылы бүкіл жыл бойы 76 606 өту болған.

Қабылданған шешім ішкі жану қозғалтқышы бар автомобильдердің кіруін шектеуді көздейді. Электромобильдер үшін жеке режим белгіленген: жұмыс күндері кіруге рұқсат беріледі, ал демалыс және мереке күндері шектеу барлық көлік құралдарына қолданылады.

Сонымен қатар жаңа тәртіп тұрғындардың мүдделерін, сондай-ақ жедел, жедел-құтқару, коммуналдық және арнайы қызметтердің жұмысын ескереді. Мұнда 48 жеке үй, «Қазгидромет» пен «Қазселденқорғау» қызметтік-тұрғын ғимараттары, сондай-ақ Тұйықсу шатқалының нысандары орналасқан.

Еске салайық, «Шымбұлақ» курортында екі жаңа көтергіш — төрт орындық арқан жолы мен сүйреуіш көтергішінің құрылысы басталған. Олар курорттың өткізу қабілетін арттырып, келушілер ағынын бөлуді жақсартып, сырғанау жайлылығын көтеруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 24 шілдеден 30 қарашаға дейін Шымбұлаққа қарай апаратын Медеу — Тұйықсу автомобиль жолында көлік қозғалысы уақытша шектелген. Бұл инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыстарға байланысты.