
2027 жылдан бастап Алматыда LEZ (Low Emission Zone) аймағында көліктерге қатысты жаңа талаптар күшіне енеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қазіргі уақытта Бөгенбай батыр көшесі, Абай даңғылы, Желтоқсан көшесі және Достық даңғылы шегінде төмен шығарынды аймақтарын енгізу жобасы пилоттық режимде сынақтан өтуде.
Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереевтің айтуынша, пилоттық жоба аясында қазір негізінен зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, осы аумақ арқылы қанша көлік және қай жылы шыққан көліктер өтетіні анықталып, жүк және жеңіл көліктердің үлесі айқындалуда.
Алайда 2027 жылдан бастап жаңа экологиялық талаптар күшіне енеді. Атап айтқанда, егер LEZ аймағында көліктің зиянды заттар шығарындысы белгіленген экологиялық нормалардан асып кетсе, жүргізушілерге айыппұл салынады.
Жаңа ережелерге байланысты қоғамда Алматыдан және Алматы облысынан немесе басқа өңірлерден келген көлік иелеріне қойылатын талаптарда айырмашылық болуы мүмкін деген пікірлер талқылана бастады. Аршат Бахтыгереев бұл жағдайды түсіндірді.
— Қоғамда мұндай пікір бар. Бірақ біз адамдарды бөле алмаймыз. Біз «сен қала тұрғынысың», «сен Алматы облысының тұрғынысың» немесе «сен басқа өңірден келдің» деп айтпаймыз. Көліктер күн сайын қалаға кіріп, шығып жатады. Талаптар барлығына бірдей болады, — деді ол.
Алматыда атмосфералық ауаның ластануын азайтуға бағытталған төмен шығарынды аймақтарын (Low Emission Zones, LEZ) құру жобасы жүзеге асырылуда. Болашақта белгіленген экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін көліктердің мұндай аймақтарға кіруі ақылы не шектеулі болуы мүмкін.
Дереккөз: Inform.kz