...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Кіші Алматы өзеніне кәріз ағызылды деген ақпарат расталмады

Әлеуметтік желіде Кіші Алматы өзеніне кәріз сулары ағызылып жатыр деген шағым тараған соң, Алматы қаласының туризм басқармасы тексеру жүргізді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Threads әлеуметтік желісінде sergey_eps деген пайдаланушы Жоғарғы Горельниктен «Медеу» шатқалына дейін түсіп, өзенге тікелей кәріз ағызып жатқан құбырды байқағанын жазған.

«Қоршаудың бойымен төмен түсіп, жарылған гофрленген ағынды құбырды таптым, одан лас су тікелей өзенге ағып жатыр. Сасық иіс бар», — делінген жарияланымда.

Ер адамның шағымына Алматы қаласының туризм басқармасы жауап берді. Пікірлерде Кіші Алматы өзеніне Жоғарғы Горельник ауданында кәріз ағызылды деген ақпарат расталмағаны хабарланды.

«Тексеру барысында фотосуретте көрсетілген гофрленген құрылым кәріз құбыры емес — ол кабельге арналған қорғаныш гофра екені анықталды. Фото мен видеода түсірілген су табиғи текті», — деп түсіндірді басқармада.

Тексеру кезінде ағынды сулардың төгілуі анықталмағаны, қалалық кәріз желілері қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғаны белгілі болды.