Алматыда осы сенбіде кешкі Summer Relay жарысына байланысты көлік қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі қала әкімдігіне сілтеме жасап.
18 шілде, сенбі күні жазғы кешкі Summer Relay эстафетасы өтеді. Биыл жарыс алғаш рет қаланың тарихи орталығы арқылы өтетін жаңа бағытта ұйымдастырылды. Жарысқа байланысты бірқатар орталық көшелерде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Жарыстың басталу және мәре сызығы Астана алаңында орналасады. Маршрут Төле би, Қабанбай батыр, Панфилов көшелері мен Абылай хан даңғылы бойымен өтеді. Бес адамнан тұратын командалар жалпы ұзындығы 10 км болатын эстафетаны еңсереді, ал жас қатысушылар үшін 500, 1000 және 2000 метр қашықтықта жарыстар өтеді.
Қатысушылар Қазақстан Жазушылар одағының ғимараты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, «Алматы» қонақ үйі, Жамбыл Жабаев ескерткіші, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры мен Темирбек Жүргенов ескерткішінің жанынан жүгіріп өтеді.
Іс-шараны дайындау және өткізуге байланысты келесі учаскелерде көлік қозғалысы шектеледі:
- 18 шілде күні сағат 20:00-ден 23:00-ге дейін — Абылай хан даңғылы бойынша (Төле би көшесінен Қабанбай батыр көшесіне дейін);
- 18 шілде күні сағат 20:00-ден 23:00-ге дейін — Қабанбай батыр көшесі бойынша (Абылай хан даңғылынан Назарбаев даңғылына дейін);
- 18 шілде күні сағат 20:00-ден 23:00-ге дейін — Панфилов көшесі бойынша (Қабанбай батыр көшесінен Төле би көшесіне дейін).
Шектеу уақыты жарыстың қауіпсіз өтуін және қатысушылардың қашықтықты кезең-кезеңімен еңсеруін ескере отырып есептелген.
Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарына жолды уақытша шектеулерді ескере отырып, алдын ала жоспарлауды ұсынады.
Бұған дейін Алматыда жол және құрылыс жұмыстарына байланысты тоғыз автобус бағытының қозғалыс схемасы уақытша өзгертілгені хабарланған болатын.
Дереккөз: Inform.kz