
Алматыдағы М. Базарбаев атындағы №138 гимназияда «Парасат шаңырағы» атты бірегей этно-кабинет салтанатты түрде ашылды. Бұл – қала мектептері арасындағы алғашқы осындай жоба, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ұлттық стильде безендірілген және киіз үйге ұқсатылып жасалған бұл кабинет дәстүрлі мұражай бұрыштарынан ерекшеленеді. Ол заманауи білім беру талаптарына сай жабдықталған толыққанды оқу аудиториясы болып табылады.
Салтанатты шараға құрметті қонақтар қатысты: білім саласындағы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері (2008 ж.), «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендерінің кавалері Аягүл Миразова, «Ұстаз» қалалық кәсіподағының төрағасы Серікжан Байғұттинов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М. Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Гүлшара Есетова және басқалар.
«Жаңа кабинеттің міндеттері – оқушыларда ұлттық құндылықтарды қалыптастыру, қазақ халқының дәстүрлері мен мәдени мұрасымен таныстыру, ұлттық сана-сезімді дамыту, сондай-ақ этнопедагогикалық негізде тәрбие мен оқытуды үйлестіру», – деп атап өтті №138 гимназия директоры Медет Қасымбаев.
Киіз үйдің ішінде ұлттық сәндік элементтермен (тұрмыстық бұйымдар, қолөнер үлгілері, дәстүрлі музыкалық аспаптар) қатар заманауи оқу құралдары орналастырылған. Мұнда ашық сабақтар, тәрбие сағаттары және танымдық іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Шара барысында қонақтар үшін кабинеттің тұсаукесері ұйымдастырылып, оқушылардың күшімен ұлттық мәдениетті насихаттауға бағытталған Наурыз мерекесі өткізілді.
Дереккөз: Almaty.tv