
Алматыдағы Снегин көшесінде бетон араластырғыш жол төсемінің астындағы траншеяға құлап кетті. Оқиға 3 мамырда болған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Telegram-арнасы Kris_p_almaty видео жариялап, онда ауыр техниканың жол астына түсіп кеткені көрсетілген. «Алатау Жарық Компаниясы» мамандарының айтуынша, 3 мамыр күні РЭС-6 бөлімшесі апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Жаңбыр жауғандықтан асфальт-бетон жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болған.
Жұмыс жүргізіліп жатқан кезде учаске толық қоршалып, қауіпсіздік талаптарына сай белгіленген. Алайда бетон араластырғыштың жүргізушісі техниканың өтуі үшін қоршаудың бір бөлігін өз бетінше алып тастаған. Содан кейін көлік траншеяға түсіп кетті. Қазіргі уақытта қоршау қалпына келтірілді. Нысандарда қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауды күшейту үшін қосымша шаралар қабылдануда, — деп мәлімдеді АЖК өкілдері.
Дереккөз: Nur.kz