...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыдағы сел қаупі: тау көлдері бақылауда, ахуал тұрақты

Мамандар таулы аймақтардағы қар жамылғысының биіктігі 20-дан 50 см-ге дейін екенін анықтады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алдыңғы күні «Қазселденқорғау» ММ мамандары Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қаласы және Алматы облысы ТЖД өкілдерімен бірлесіп, ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ Ми-8 АМТ тікұшағымен таулы аймақты аэровизуалды тексеруден өткізді.

Тексеру Іле Алатауы жотасының солтүстік бөлігін – Қаскелең өзенінің алабынан Түрген өзенінің алабына дейінгі аумақты қамтыды. Мониторингтің негізгі мақсаты – морендік-мұздық кешендердің, сел жырымдарының жай-күйін және аймақтағы жалпы сел ахуалын бағалау.

Тексеру нәтижелері бойынша көптеген морендік көлдердің маусымдық толу сатысында екені анықталды. Сонымен қатар биік таулы көлдер әлі қысқы режимнен толық шықпаған. Кейбір көлдер мұз бен қармен толық жабылған, бұл олардың орналасу биіктігі мен беткейлердің экспозициясына байланысты. Жергілікті жерлерде ғана беткі ағын байқалады. Өзендердегі судың лайлану дәрежесінің артуы тіркелмеген.

Таулы аймақтардағы қар жамылғысының биіктігі 20-дан 50 см-ге дейін. Қар сызығы теңіз деңгейінен 3300–3500 метр биіктікте өтеді.

Тексеру қорытындысы бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысы өзендерінің алаптарындағы сел ахуалы тұрақты деп бағаланады.

Дереккөз: Almaty.tv