...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыдағы «Байсат» базары әкімдікке өтуі мүмкін

Бұрын Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі болған «Байсат» базары Алматы әкімдігінің коммуналдық меншігіне берілуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбековке бір жылға жуық уақыттан бері сауда-саттықта сатыла алмай жатқан базардың болашағы және сатып алушы болмаған жағдайдағы шаралар туралы сұрақ қойылды.

Спикер базардың инвесторлар тарапынан қаржылық мүмкіндіктер мен қызығушылықтың болмауы салдарынан сатып алынбай жатқанын атап өтті.

— Егер сатылмаса, Алматы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беру мәселесін қарастыруға болады деп ойлаймын, — деді ол.

Қаладағы ірі базарлардың бірінің бөлігі бірнеше рет сауда-саттыққа шығарылған. Жақында бесінші аукцион өтті, алайда сатып алушы тағы да табылмады. Нысан 28,6 млрд теңгеге бағаланған.

Базар алғаш рет 2025 жылғы 18 қарашада 28,6 млрд теңге бастапқы бағамен сатылымға шығарылған, бірақ ол кезде де сатылмаған.

2024 жылғы қаңтарда Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі «Байсат» базарының бір бөлігі мемлекетке қайтарылды.

Қайтарылған мүлік құрамына жалпы ауданы 4 221,4 шаршы метр үш нысан және ауданы 1,4 гектар жер учаскесі кірді. Активтер Қайрат Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанға тиесілі «КазГерСтрой бірлескен кәсіпорны» ЖШС және «Astana Finansial Group» ЖШС өзара байланысты компанияларының меншігінде болған.

Дереккөз: Inform.kz