
Алматыдағы Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасында екі жасар баланы жатқызу кезінде анасы дәрігерге қол жұмсады. Оқиға 31 мамырда түнгі сағат 00:07-де болған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, баланы ауруханаға кәмелетке толмаған әпкесі алып келген. Дәрігер қарап, баланың жағдайын тұрақты деп бағалап, өміріне қауіп жоқ екенін анықтаған. Заң бойынша кәмелетке толмаған науқасты жатқызу үшін ата-анасының келісімі қажет болғандықтан, медицина қызметкерлері анасын күтіп, құжаттарды рәсімдеуге дайындалып тұрған.
Анасы келгеннен кейін оның дәрігермен арасында жанжал шығып, бейнебақылау жазбасы мен куәгерлердің айтуынша, дәрігерге қатысты физикалық күш қолданылған. Басқарма ішкі тексеру жүргізіп, медицина қызметкерінің әрекеттері заң талаптарына және аурухананың ішкі регламенттеріне сай екенін анықтаған. Науқасты жатқызудан бас тарту немесе медициналық көмек көрсетпеу фактілері расталмаған.
Оқиға бойынша полиция қызметкерлері шақырылып, арыз түскен. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады басқарма.
Инциденттің видеосын Instagram-дағы egov.press парақшасы жариялаған. Құқық қорғау органдары материалдарды қарап жатыр.
Дереккөз: Nur.kz