Алматыда Батыс кәріз коллекторының құрылысына байланысты Бекешев көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысы бір жарым айға жуық шектеледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Наурызбай ауданында Батыс кәріз коллекторының құрылысының кезекті кезеңі басталады. Осыған байланысты 17 шілдеден 30 тамызға дейін Бекешев көшесінің Әбділдин көшесінен Белжайлау көшесіне дейінгі учаскесінде көлік қозғалысы шектеледі. Бұл туралы қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасы хабарлады.
Жоба аясында мердігер ұйым кәріз коллекторын салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына кіріседі. Жұмыс жүргізу кезеңінде көрсетілген учаскеде қозғалыс жұмыс аймағының шегінде кезең-кезеңімен шектелетін болады, бұл тұрғындар мен жол қозғалысына қатысушылар үшін қолайсыздықты барынша азайтуға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Басқармада Батыс кәріз коллекторы Алматының негізгі инфрақұрылымдық жобаларының бірі екенін атап өтті. Оның құрылысы су бұру жүйесінің сенімділігін арттыруға, қолданыстағы және жаңа тұрғын аудандарды орталықтандырылған кәрізге қосуға, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
Қала тұрғындары мен қонақтарынан маршруттарды алдын ала жоспарлауды, уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтауды және уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауды сұрайды.
Дереккөз: Nur.kz