
Алматыда осы жұмада субұрқақ маусымы басталады. Қалада барлығы 55 субұрқақ бар, оның 11-і құрғақ түрі, 44-і кәдімгі. Кейбір нысандар қазірдің өзінде іске қосылған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Дайындық наурыз айында басталған. Мамандар су беру, тазарту және жарықтандыру жүйелерін тексереді. Субұрқақтар күздің ортасына дейін үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Іске қосу кезең-кезеңімен жүргізіледі.
«Жылымықпен 1 мамырға дейін 30 субұрқақ кешенін дайындап, іске қосуымыз керек, ал қалғандары апта ішінде қосылады», — деді қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының бас маманы Шыңғыс Бақытжан.
Қаладағы ең танымал субұрқақтардың бірі — Республика алаңындағы және Ғабит Мүсірепов театрының жанындағы нысандар жаңартылуда. Жұмыс аяқталу сатысында. Субұрқақтар күн сайын таңғы 8-ден кешкі 11-ге дейін жұмыс істейді, ауа температурасы 5 градустан төмендесе өшіріледі. Маусым 1 қазанға дейін созылады.
Дереккөз: Almaty.tv