Алматыда кафеге заңсыз салынған қосымша ғимаратты бұзу жұмыстары басталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Мәселе Төле би көшесі, 182 мекенжайында орналасқан Asi кафесіне салынған қосымша ғимаратқа қатысты.
Қала құрылысы бақылау басқармасының мәліметінше, бұған дейін нысан иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданылған. Заңбұзушылық фактісі бойынша материалдар сотқа жолданған.
Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың қаулысымен меншік иесіне әкімшілік айыппұл салынып, заңсыз қосымша ғимаратты мәжбүрлеп бұзу тағайындалған.
Кейін меншік иесі шешімге шағымданған. Алайда Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгеріссіз қалдырған.
Қазіргі уақытта сот шешімін орындау үшін әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен қосымша ғимаратты бұзу жұмыстары басталды.
Бұған дейін Алматы орталығында супермаркетке заңсыз салынған қосымша ғимарат бұзылған болатын.
Алматыда заң талаптарын бұзып салынған нысандарды анықтау және бұзу жұмыстары жалғасуда. 2026 жылдың басынан бері қалада осындай 41 нысан толық немесе ішінара бұзылды.
