
Алматыда «Жаңа көкжиектер: физика және музыка» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл зерттеу шығармашылық пен дәл есептеулерді бір арнаға тоғыстырады. Басылым еуропалық академиялық ортада мойындалған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Кітап Рахат-Би Әбдісағиннің соңғы бес жылдағы ғылыми және музыкалық қызметінің шежіресіне айналды. Тұсаукесер көрнекті ғалым Төлеген Қожамқұловтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылды. Мерейтой аясында қазақстандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен конференция өтті.
«Өнер мен ғылым – үйлесімге ұмтылыс. Ұлы физик Вернер Гейзенберг ғылым мен өнер – адамзаттың ғалам туралы айтатын түрлі тілдері деген. Бұл монографияның жарық көруі осы айтулы даталарға, Төлеген Әбсағиұлының мерейтойына арналды», – деді Сент-Эндрюс университеті мен Шотландия Корольдік консерваториясының философия докторы Рахат-Би Әбдісағин.
«Бұл өзін-өзі жасаған бірегей ғалым. Ол ерте балалық шағынан ғылымға бет бұрып, ең жоғары деңгейге жетті. Кеңес Одағында кванттық технологияның дамуына негіз қалаған адам деуге болады», – деп атап өтті ҚР ҰҒА президенті Ахылбек Күрішбаев.
Дереккөз: Almaty.tv