
2027 жылдан бастап Алматыда көлік иелері мен жеке сектор тұрғындары үшін экологиялық талаптар күшейтіледі. Жаңа нормалар атмосфералық ауаны қорғау қағидалары аясында кезең-кезеңімен енгізіледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің Telegram-арнасында хабарланғандай, өзгерістер көлік құралдарына, кәсіпорындарға және жеке секторға әсер етеді. Атап айтқанда, автокөліктерге катализаторларды міндетті түрде пайдалану және шығарынды нормаларын сақтау талап етіледі.
Үшінші санаттағы нысандар үшін сүзгілерді орнату, шаң басатын технологияларды енгізу, тұрақты зертханалық өлшемдер жүргізу және экологиялық таза отын түрлеріне көшу міндеттеледі.
Қағидаларда қаланың газдандырылған аудандарында қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салу да бекітілген.
Әкімдік бұл шаралар ауаның ластануын азайтып, мегаполистегі экологиялық ахуалды жақсартуға көмектеседі деп күтеді. Бүгін Алматыда пилоттық режимде шығарындылар деңгейі төмен бірінші аймақ іске қосылды. Қазіргі кезеңде жүргізушілер үшін қозғалыс шектеулері мен айыппұлдар қарастырылмаған. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әлемдегі ең ластанған қалалар тізіміне енгенін мәлімдеген.
Дереккөз: Nur.kz