
Алматы бірнеше күн бойы туристік бизнестің жаһандық тарту орталығына айналды. Мегаполиске 24 елден 400-ден астам компанияның өкілдері жиналды. Олар қызықты бағыттар, тиімді ұсыныстар және басқа да мүмкіндіктерді таныстырды. Қазақстандық халықаралық туристік көрме «KITF» — саланың негізгі ойыншыларын жыл сайын жинап, даму векторын айқындайтын іс-шара, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Биыл 24 елден 400-ден астам компания өз мүмкіндіктерін — экзотикалық бағыттардан Қазақстан бойынша жаңа маршруттарға дейін ұсынды. Қатысушылар арасында ірі туроператорлар, әуекомпаниялар, қонақ үйлер өз ұсыныстарын таныстырды. Мұнда олар келіссөздер жүргізіп, келісімшарттар жасаса алады. Сарапшылар ішкі туризмге қызығушылық артып келе жатқанын, Қазақстан халықаралық саяхат картасында біртіндеп орныға бастағанын атап өтті.
«Қала және осы күндері Алматыға келетін компаниялар үшін көрме тарту орталығына айналады. Осы алаңның арқасында біз — қабылдаушы тарап — бүкіл әлемді қамтып, таңғажайып ресурсымызды — бүкіл қаланың, тіпті маңайдағы облыстардың, соның ішінде бүкіл Қазақстанның бірегей туристік әлеуетін таныстыруға мүмкіндік аламыз», — деді көрме жетекшісі Виктория Павленко.
«Біздің стендтер кино түсірілімдері тақырыбында безендірілген — Тайландта фильмдер мен халықаралық сериалдар түсірілген жерлерді көрсетеміз. Бұл локациялар елдің негізгі туристік өнімдерін — жағажай демалысын, табиғатты, сондай-ақ сауықтыру және отбасылық туризм бағыттарын көрсетеді. Жаңа рейстердің арқасында туристік ағым екі жаққа да өсіп келеді», — деп бөлісті туристік компания өкілі (Тайланд) Канчана Синг-Удом.
Ерекше назар — іскерлік бағдарламаға аударылды. Көрменің соңғы күнінде KITF Tourism Innovation Day конференциясы өтті. Мұнда индустрияның қалай өзгеріп жатқаны — қызметтерді цифрландырудан туристердің жаңа мінез-құлық үлгілеріне дейін талқыланды. Назарда — тұрақты және шытырман оқиғалы туризм, сондай-ақ туристік бағыттарды тиімді ілгерілету.
«Бұл біздің туроператорлар мен көрмеге келген туроператорлар арасында екіжақты, өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға арналған үлкен алаң. Яғни, бұл біздің туроператорларға жаңа байланыстар алуға және ағымдағы жылға сұраныстарды арттыруға зор мүмкіндік береді», — деп атап өтті Туризм басқармасының туризмді ілгерілету бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбихан.
Мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың қатысуымен өткен панельдік пікірталастар көрмені шешімдер қабылдауға арналған толыққанды алаңға айналдырады. Қатысушылардың пікірінше, бұл кездесулердің қорытындысы алдағы жылдары саланың дамуына тікелей әсер етеді. Айта кетейік, Алматыға өткен жылы 2,5 миллионнан астам турист келген, оның шамамен 800 мыңы — шетелдік қонақтар.
Дереккөз: Almaty.tv