
Алматы полициясы әлеуметтік желілерде тараған жасөспірімдердің жаппай төбелесі туралы ақпаратқа ресми жауап берді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, қаза тапқандардың бірін полиция бөлімшесіне жеткізді деген мәлімет шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға орнына жедел жеткен жедел жәрдем бригадалары екі жарақаттанғанды ауруханаға жеткізген. Дәрігерлердің күш-жігеріне қарамастан, екеуі де көз жұмды.
Полиция азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жалған мәліметтерді таратпауға шақырды.
Бұған дейін өлімге әкелген оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған болатын. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Өткен аптада Алматыда пышақ қолданылған жасөспірімдердің жаппай төбелесі болған еді. Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, 12 күдікті ұсталды.
Дереккөз: Nur.kz