
Алматы облысы Іле ауданындағы Өтеген батыр ауылдық округінің тұрғындары жабық терезелерге қарамастан қоқыс полигонынан шыққан шірік иістен тұншығып жатқандарын айтады. Бұл туралы KTK телеарнасының сайты хабарлады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жеке сектордың дәл қарсысында үлкен ретсіз қоқыс үйіндісі пайда болған. Оның ішінде тұрмыстық қалдықтар, жиһаз, химикаттар және тіпті өлі жануарлар бар. Адамдар бұл қоқыстарды қарапайым азаматтар да, жеке компаниялардың қоқыс таситын көліктері де әкеліп тастайды деп мәлімдейді. Полигоннан белгілі кәсіпорындардың таңбалары бар қалдықтар да табылған.
«Мен өз үйімде терезенің қасына да бармаймын. Полигоннан шыққан иіс жабық терезелер арқылы да сезіледі. Бұрын бұл жерде гүлді алқап болған, бірақ бес жыл бұрын жолдың арғы жағынан тұрғын үй кешені салына бастады. Құрылыс техникасы артық материалдарды шабындыққа төге бастады. Сөйтіп, бірте-бірте ретсіз полигон пайда болды. Үлкен көліктер әкеліп, бәрін осы жерге төгеді. Бірде біреу сіріңке тастаған болуы керек, қоқыс үнемі түтіндеп, жанып тұрады. Түтін мен сасық иіс шыдамайтындай», — деді жергілікті тұрғын Юрий Курносов.
Полигонмен көршілес жеке секторда 5 мыңға жуық адам тұрады. Тұрғындар өз бетімен сенбіліктер өткізіп, аумақты тазартуға тырысқан, бірақ күн сайын полигон ұлғая түсуде. Ретсіз қоқыс үйіндісінің ауданы шамамен 4 гектарды құрайды. Бүкіл аумақта тұрмыстық қалдықтар, жиһаз, құрылыс қалдықтары және химикаттар жатыр. Мысалы, белгісіз бөшкелерден мазутқа ұқсас қара майлы сұйықтық ағып жатыр. Бұл шыдамсыз иіс тудырады. Табылған заттардың арасында иттердің өлекселері де бар. Мұндай көршіліктен жергілікті тұрғындар ғана емес, жануарлар да зардап шегуде.
Дереккөз: Nur.kz