19 шілдеде Қазақстанның бес қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі. Тұрғындарға сапарларды жоспарлау және көшеде болу уақытын белгілеу кезінде ауа райы жағдайын ескеру ұсынылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Синоптиктердің мәліметінше, 19 шілдеде ҚМЖ Алматы, Балқаш, түнде Өскемен, Семей және Риддер қалаларында болжанады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар — бұл тымық, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия сияқты қысқа мерзімді ауа райы факторларының жиынтығы. Бұл құбылыстар жер бетіне жақын ауа қабатында ластаушы заттардың жиналуына ықпал етеді.
Мұндай кезеңдерде атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін, бұл адамдардың денсаулығына теріс әсер етуі ықтимал.
Ауаның ластану деңгейіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі — синоптикалық жағдай: жел жылдамдығы, жауын-шашынның болуы, ылғалдылық және ауа температурасы.
Қолайсыз метеожағдайлар кезінде мамандар мыналарды ұсынады:
- балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендерден бас тарту;
- өкпе, жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы аурулары және аллергиялық аурулары бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерді өздерімен бірге алып жүру;
- ашық ауада дене жаттығуларын шектеу, ал спортпен және дене шынықтырумен жабық үй-жайларда айналысу.
Бұған дейін Қазақстанның көптеген өңірлерінде дауылды ескерту жарияланған болатын. Синоптиктер найзағай, бұршақ, қатты жел, +44 градусқа дейін қатты ыстық және өрт қаупінің жоғары деңгейін болжайды.
Дереккөз: Inform.kz