
Алматы қазіргі уақытта бүкіл Қазақстанның еңбек нарығына бағыт-бағдар беріп отыр. Мұнда жаңа мамандықтар пайда болып, мамандарға сұраныс артып, кадрларға қойылатын талаптар өзгеруде. Экономика дамып, бос жұмыс орындары көбейгенімен, жұмыс берушілер қызметкерлердің жетіспеушілігін жиі айтады. Неге жоғары сұранысқа қарамастан бизнес қажетті мамандарды таба алмайды?, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қазақстанға алдағы жылдары кадрларды жаппай жаңарту қажет. Еңбек министрлігінің болжамы бойынша, 2035 жылға қарай экономикаға 3 миллионға жуық маман қажет болады. Әсіресе экономиканың базалық секторларында сұраныс жоғары. Көшбасшыда – білім беру саласы, мұнда 400 мыңнан астам жұмысшы қажет, одан кейін өнеркәсіп, сауда, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және құрылыс тұр. Сонымен қатар, дәл Алматы өсудің негізгі нүктесіне айналады – тек осында 500 мыңға жуық маманға қажеттілік болжанады. Салыстыру үшін, Астанада сұраныс 280 мың адамды, ал Шымкентте 180 мың адамды құрайды. Сондықтан кадрларды даярлау және сақтау мәселесі бүгінде республикадағы еңбек нарығының болашақ тұрақтылығымен тікелей байланысты. Елде Кәсіпорынның цифрлық картасы және Еңбек тәуекелдерінің картасы жұмыс істеп тұр, ал жақын арада бірыңғай жағдай орталығын іске қосу жоспарлануда, ол нақты уақыт режимінде жұмыспен қамту жағдайларын бақылап, ықтимал тәуекелдерді алдын ала болжайды.
«Еңбекті қорғауды цифрландыру – бұл жай техникалық міндет емес, адами капиталдың сапасы мен елдің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын стратегиялық мәселе. Бүгінде бізде қажетті ресурстық база қалыптасқан. Әлеуметтік серіктестермен тығыз байланыс орнатылған. Әрқайсымыздың өз мүддеміз бар, бірақ мақсат бір – әрбір қазақстандық үшін қауіпсіз және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев.
Еңбек нарығы бүгінде теңгерімсіз: бос жұмыс орындары көп, бірақ практикалық дағдылары бар мамандар жетіспейді. Жұмыс берушілерге техниктер, құрылысшылар, медицина қызметкерлері қажет, ал жұмыс іздеушілер көбінесе аз сұранысқа ие мамандықтарға бағытталған. Сонымен қатар, IT-ден деректер аналитикасына дейінгі жаңа бағыттарға сұраныс артып келеді. Дегенмен, негізгі сын – кадрларды даярлау ғана емес, олардың тез өзгеретін нарыққа бейімделуі. Жеке сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстандағы жұмыс орындарының 50%-дан астамы автоматтандыру қаупіне ұшыраған, яғни адамдар үнемі қайта даярлануға мәжбүр болады. Аналитиктердің пікірінше, бүгінгі нарықта дипломдар емес, икемділік бағаланады. Ал алдағы жылдары бәсеке мамандық үшін емес, бейімделу қабілеті үшін жүреді.
Дереккөз: Almaty.tv