
Халықаралық Алматы әуежайының халықаралық рейстер күту аймағында алматылық суретші Асем Сүлейменованың көрмесі ашылды. Бұл туралы қалалық Туризм басқармасы хабарлады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Көрме Art & Tourism Almaty жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаның мақсаты – заманауи өнерді қоғамдық кеңістікке интеграциялау, Алматының мәдени имиджін ілгерілету және жергілікті авторларды қолдау.
Экспозицияда суретшінің түпнұсқа туындылары қойылған. Оларда бірегейлік, табиғат және ұлттық бейнелер тақырыптары көрініс тапқан. Автор дәстүрлі мотивтерді заманауи көркем тілде қайта интерпретациялайды.
Көрменің әуежайда орналасуы халықаралық жолаушыларға Қазақстанның заманауи мәдениетімен танысуға мүмкіндік береді және жергілікті өнердің қаланың негізгі кеңістіктерінде болуын кеңейтеді.
Туризм басқармасының мәліметінше, Асем Сүлейменова – Golden Time Talent (Ұлыбритания) халықаралық байқауының лауреаты. 2023 жылы ол жеңімпаз атанса, 2024 жылы Гран-при иеленді.
Art & Tourism Almaty жобасы қаланың креативті индустрияларын дамыту аясында жүзеге асырылуда.
Дереккөз: Almaty.tv